qaz
Ғани Бейсембаев Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына арналған халықаралық конференцияға қатысты

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қостанайда Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына орай өтіп жатқан «Ы.Алтынсарин және ағартушылық тағылым: тарихи өзегі, танымдық өрісі, заманауи өрнегі» атты конференцияның пленарлық отырысын ашып берді.

Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бейсембаев пленарлық отырысқа модератор ретінде қатысты.

Ыбырай Алтынсарин идеялары және оның ағартушылық мұрасы, қазақ біліміне қосқан үлесітуралы тақырыптар қозғалып, ұлт ұстазының мұрасын зерделеу мен насихаттаудың өзекті мәселелері талқыланды.

Іс-шараға Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, сондай-ақ жоғары оқу орындарының ректорлары, шетелдік сарапшылар мен ғалымдар қатысты.

Облыс әкімі Архимед Бекежанұлы осы конференцияны өткізуге қолдау көрсеткені үшін Ұлттық білім академиясына алғыс білдірді. Сондай-ақ Ыбырай Алтынсариннің туған жерінде оның есімін қастерлеп, мұрасын насихаттауға қатысты жүйелі жұмыстар қолға алынғанын айтып өтті.

Конференция барысында жыл сайын оқушылар арасында республикалық деңгейде «Ыбырай оқуларын» өткізу және Ы.Алтынсарин мұрасын зерттеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу бойынша ұсынымдар жасалды.