Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ұйымдастыруымен Астана Халықаралық университетінің педагогикалық колледжінде «Орта білім беру басымдықтары контексінде колледждерде педагогтерді даярлау» атты республикалық сұхбат алаңы өтті. Аталған іс-шараға Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева, Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА президенті Мадина Тыныбаева, еліміздің барлық өңірлері педагогикалық колледждерінің басшылары және Академия қызметкерлері қатысты.
Семинарға қатысушылар ауылдық және шағын жинақты мектептер педагог кадрларының сапасын арттыру жолдарын, орта білім берудің мазмұнын, педагогикалық колледждердің трансформациясын, сонымен қатар тәрбие мәселелерін талқылады. Іс-шараға қатысушылар назарына Алтынсарин академиясының вице-президенті Руслан Қаратабанов МЖМБС-тің және Үлгілік оқу бағдарламаларының білім беру мазмұны ерекшеліктерін таныстырды. Психология, тәрбие және тұлғаны дамыту орталығының директоры Анар Тәңірбергенова мектептер мен колледждерде Біртұтас тәрбие бағдарламасын жүзеге асыру ерекшеліктерін баяндады. Ауыл және шағын жинақты мектептер зертханасының меңгерушісі Айжан Адамбекова ауыл мектептері мен ШЖМ педагогтерінің қызметі туралы айтты. Академияның ғылыми қызметкері Күлжанат Болатбаева сұхбат алаңы қатысушыларына «Білім және ғылым жүйесін жаңғыртудың ғылыми негіздері» НҚБ шеңберінде әзірленген педагогикалық колледждерді трансформациялау моделін ұсынды.
Іс-шара соңында педагогикалық колледждер басшыларымен Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева кездесіп сұхбаттасты. Академия президенті Мадина Тыныбаева іс-шараны қорытындылай келе жаңа талаптарға сәйкес педагогикалық білім беруді дамыту қажеттілігін, жоғары білікті педагогтерді даярлау маңыздылығын және білім беру бағдарламалары сабақтастығын сақтауды баса атап өтті.