Алтынсарин академиясы Абай атындағы ҚазҰПУ-мен бірлесіп «Педагогтердің құзыреттілігінің деңгейлік мазмұны және оны үздіксіз кәсіптік білім беру жағдайында бағалау тетіктері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын өткізді.
Конференция жұмысы педагогика, психология, менеджмент, тіл пәндері, жаратылыстану-ғылыми бағыт, білім беруді цифрландыру бойынша педагогтердің кәсіптік құзыреттілігін қамтамасыз ету тетіктері қарастырылған панельдік секциялар жұмысынан басталды.
Конференцияның пленарлық отырысында Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Мадина Тыныбаева сөз сөйледі. Ол 2021-2023 жылдары Алтынсарин академиясы Оқу-ағарту министрлігінің ведомстволық қарамағындағы ұйымдары және ЖОО-ның ғалымдарымен бірге «Білім және ғылым жүйесін дамытудың ғылыми негіздері» ғылыми-техникалық бағдарламасы бойынша зерттеулер жүргізгенін айтты. «Бағдарламаның әрбір бағыты бойынша жүргізілген зерттеулердің қорытындысы еліміздің мектептерінде сынақтан өтіп жатыр. Зерттеу жүргізуге үлесін қосқан жобаның барлық қатысушыларына алғысымды білдіремін», - деді Мадина Тыныбаева.
ҚР ОМ Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов мектептегі білім беру сапасының жай-күйі негізінде педагогтерге қойылатын талаптар туралы баяндама жасады. Өз кезегінде конференцияға қатысушылармен Лондондағы Корольдік университетінің білім беру, коммуникация және қоғам мектебінің басшысы, ғылым докторы, профессор Ливиу Матей Лондондағы Корольдік колледжінде білім беру бағдарламаларының ерекшеліктеріне баса назар аудара отырып, оқытушыларды даярлау тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар Ресей мен Словакиядан келген әріптестер үздіксіз білім беру жағдайында мұғалімдерді даярлау тәжірибесі және LMS қолданумен педагогикалық өлшемдер туралы ойларымен бөлісті. Конференция «Білім және ғылым жүйесін дамытудың ғылыми негіздері» НҚБ шеңберінде өткізілді.