Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА еліміздің барлық облыстары, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әдістемелік орталықтарымен (кабинеттерімен) онлайн-режимде кезекті әдістемелік кеңесін өткізді.
Кеңес жұмысының күн тәртібінде орта білім беру ұйымдарында «Дене шынықтыру» пәнін оқу-әдістемелік қамтамасыз етудің жай-күйі туралы, инклюзивті білім беру саласындағы мемлекеттік саясат басымдықтарын жүзеге асыру және Түркістан облысы әдістемелік орталығының озық іс-тәжірибесі қаралды.
Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының директоры Сағдат Садықов дене шынықтыру пәні педагогтері біліктілігін арттыру, болашақ мамандарды даярлау, пәнді оқу-әдістемелік әдебиеттермен қамтамасыз етудің қазіргі жағдайы, бұқаралық спортты насихаттаудағы шетел тәжірибесі туралы баяндап, дене шынықтыру пәнін жетілдіру бойынша ұсынымдарын ортаға салды.
Алтынсарин академиясының бас сарапшысы Светлана Исмагулова инклюзивті білім беру саласы бойынша қабылданған нормативтік құқықтық актілерге енген өзгерістер және толықтырулар туралы түсіндіріп, халықаралық тәжірибе негізінде білім беру ұйымдарында ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушыларға психология-педагогикалық қолдау жүйесін ұйымдастыру тетіктері, оның іске асырылу кезеңдері мен барысы, ерекшеліктері мен принциптері туралы кеңірек талдап айтты. Сондай-ақ спикер Академия әзірленген инклюзивті білім беруге арналған әдістемелік ұсынымдарға сайт арқылы шолу жасады.
Сонымен қатар кеңеске қатысушылар Түркістан облысында жүзеге асып жатқан «Ауыл мектебін сапалы басқару» эксперименттік жобасы мен «КitapХАН@» кітап оқу сайысы тәжірибесімен танысты.