БІЛІМ АЛУҒА ҚОЛЖЕТІМДІЛІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ БОЙЫНША MICROSOFT КОМПАНИЯСЫМЕН БІРЛЕСКЕН ЖОБА ІСКЕ АСЫРЫЛУДА

Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы «Цифрлық технологияларды пайдаланып, Ақтөбе облысындағы шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту» жобасын және Солтүстік Қазақстан облысында Microsoft корпорациясымен бірлескен жобаны жүзеге асыруда.

Жобаның мақсаты – ауыл мектептерін дамыту және ауыл мен қала оқушылары арасындағы білім сапасының алшақтығын қысқарту. Бүгінде Ақтөбе облысындағы пилоттық жобаға өңірдің 134 мектебі қатысуда.

Жоба негізгі 3 үлгі бойынша жүзеге асырылуда. Бірінші үлгі 2022 жылдың қараша айында басталған «Bilim all» жобасының аясында стриминг лекциялар түрінде қолға алынып, өңірдің 36 үздік мұғалімі шағын жинақталған мектептер үшін онлайн сабақтар өткізуде. Екінші үлгі -  «Тірек мектеп – магниттік мектеп», мұнда ауылдық тірек мектептердің педагогтері шағын жинақты мектептердің оқушыларына негізгі оқу пәндерін: химия, биология, математика, физика және ағылшын тілі бойынша онлайн режимінде сабақ беруде. Үшінші үлгі аясында интернет желісі жоқ немесе интернет жылдамдығы төмен 9 шағын жинақты мектепте цифрлық технологияларды қолданумен офлайн сабақтары өткізілуде. Қазіргі уақытта барлық 3 үлгі де сынақтан өтіп жатыр.

Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысында шалғай орналасқан елді мекендердегі балалардың білім алуға қолжетімділігін қамтамасыз ету, біріктірілген сыныптар мәселесін шешу, облыстағы ауылдық және шағын жинақты мектептердің білім сапасын арттыру мақсатында Академияның Microsoft корпорациясымен бірлескен жобасы жүзеге асырылуда.

Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан облысының 107 мұғалімі Microsoft компаниясының платформасында біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Қазіргі уақытта пилоттық жобамен Солтүстік Қазақстан облысындағы 40 ауыл мектебі қамтылды.