Алтынсарин академиясы «Қазақстанда мектепке дейінгі және орта білім беруді жетілдірудің тұжырымдамалық тәсілдері: заманауи трендтер мен іске асыру жолдары» атты ғылыми-техникалық конференция өткізді.
Конференция Астана қаласының № 66 мектеп-лицейінің базасында «Білім және ғылым жүйесін жаңғыртудың ғылыми негіздері» НҚБ шеңберінде ұйымдастырылды.
Конференция жұмысына Қазақстан мен шетелдің: Өзбекстан, Сингапур, Бельгия және Австралия педагогтері, әдіскерлері, ғалымдары қатысты.
Пленарлық отырыста бағдарлама жетекшісі п.ғ.д. Күлжанат Булатбаева бағдарламаның мақсаты және міндеттерімен таныстырып, зерттеу тобының жалпы жетістіктері туралы айтып берді. Ғалымдар бағдарлама аясында жүргізілген зерттеулердің нәтижелері, апробация және оқыту, тәрбие, бейіндік мектеп, оқушылардың теңгерімді тамақтануы сапасын арттыру модельдерін енгізу аспектілері туралы айтты. Зерттеу нәтижелерімен ҒТБ орындаушылары Академиямен ынтымақтастықта жұмыс істейтін білім беру ұйымдарынан балалардың дарындылығын дамыту және мектепке дейінгі тәрбие сапасын қамтамасыз ету мәселелері бойынша бөлісті. Іс-шара шеңберінде білім алушылардың білім сапасын арттыруға бағытталған оқытуды ұйымдастырудың әдістері мен нысандары, цифрлық платформалар және оқу процесінде жасанды интеллектті қолдану мүмкіндіктері, сондай-ақ үздіксіз білім беруді ұйымдастыру және болашақ мамандарды даярлау ерекшеліктері қарастырылды.
Конференцияның екінші бөлімі секциялық отырыстардың жұмысымен жалғасты. Қатысушылар мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту сапасын қамтамасыз ету, орта білім беруді жаңғырту мәселелерін талқылады, дарынды және ынталы білім алушыларды дамыту және сүйемелдеу үшін кешенді шаралар ұсынды.
10 қазанда Өскемен қаласындағы бейінді мектеп базасында жалғасатын конференцияда жоғары мектепті бейіндеудің жаңа моделі талқыланады.