Ақтөбе облысындағы Тамыз конференциясы ауыл мектептерін дамыту тақырыптық бағытына арналды. Себебі осы өңірде 120 ауылдық және шағын жинақты мектептердің білім алушыларын қамтыған «BILIM ALL» пилоттық жобасы іске асуда.
Алтынсарин академиясының Ауыл мектептерін және шағын жинақты мектептерді дамыту зертханасының меңгерушісі Алмагүл Мұқышева конференция қатысушыларын Академияның ауыл мектептерін дамыту жөніндегі ғылыми-әдістемелік жұмысымен таныстырды. Ол 2023 жылы ауыл мектептерін дамыту шеңберінде Алтынсарин академиясы, СҚО Білім басқармасы және Microsoft компаниясымен бірлесіп Солтүстік Қазақстан өңірінде шағын жинақты мектептер педагогтерін қолдау бойынша жобаның басталғанын айтып өтті.
Өз кезегінде Орта білім мазмұны институты директорының орынбасары Салтанат Жұмабаева Алтынсарин академиясы аталған жобалар шеңберінде педагогтерді ғылыми-әдістемелік, сондай-ақ әдістемелік сүйемелдеумен қамтамасыз ететінін баса атап өтті. Сонымен қатар спикер онлайн-сабақтарды жоспарлауға көмек көрсетіледі және бірлескен сыныптар үшін Үлгілік оқу жоспарлары әзірленетіні туралы да айтты.