Алтынсарин академиясы ҚР ОМ Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетімен бірлесіп педагогикалық колледждер мен ЖОО оқытушыларына арналған білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау туралы семинар өткізді. Семинар жұмысына 390-нан аса адам қатысты.
Отырыста сөз алған комитет төрағасы Ернұр Дәуенов семинардың өзектілігін тілге тиек ете отырып, білімді бағалау жүйесі сапасын арттыруда басты рөльде семинарға қатысушылар екеніне тоқталды. Ы.Алтынсарын атындағы ҰБА президенті Мадина Тыныбаева қатысушылардың назарын бағалаудың негізгі қағидаттарына, оның оқу үдерісіндегі маңыздылығына аударды және Академияның осы бағытта атқарған жұмыстың нәтижелерімен таныстырды.
Семинар барысында Алтынсарин академиясының сарапшылары мектеп оқушыларының жетістіктерін қазіргі критериалды бағалау жүйесін зерттеу нәтижелерімен таныстырды және педагогикалық мамандық студенттерін даярлауда бағалауға қатысты оқыту сапасын арттыру тетіктері мәселелерін талқылады. Білікті сарапшылар «Георафия» пәні шеңберінде бағалау құралдарын практикалық тұрғыда қолдану үлгісін де көрсетті.
Аталған іс-шараға қатысушылар біліктілікті арттыру курстары арқылы педагогтер ортасында бағалау дағдыларын жетілдіру мәселесін көтеріп, болашақ педагогтерді даярлауда халықаралық PIRLS және PISA салғастырмалы зерттеулер нәтижелерін пайдалану мүмкіндіктері туралы да мәселені сөз етті.