«Білім беру жүйесі мен ғылымды жаңғыртудың ғылыми негіздері» МҚБ шеңберінде Д.Қонаев атындағы №66 мектеп-лицейінде «Орта білім беруді дамыту тұжырымдамасының өзекті мәселелері» атты республикалық семинар өтті.
Семинар қатысушылары орта білім беру мазмұнын, оның ішінде бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру Үлгілік оқу жоспарлары және оқу бағдарламалары мәселелерін талқылады. Сонымен қатар жаратылыстану-математикалық бағыт пәндерін оқытудың жаңа технологиялары, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту, білім беру ұйымдарының жоғары сынып оқушыларын кәсіпке бейімдеу бойынша тәжірибелері, оқыту мен тәрбие процесін жетілдіру жөніндегі ұсыныстар мәселелерін қарады.
Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА президенті Мадина Тыныбаева өз сөзінде МЖМБС мен Үлгілік оқу бағдарламаларын жетілдіру бағытындағы жұмыстар жалғасын таба береді және барлық ұсыныстар ескеріледі деп баса айтып өтті.
«Білім беру жүйесі мен ғылымды жаңғыртудың ғылыми негіздері» МҚБ жетекшісі Күлжанат Болатбаева іс-шараға қатысушыларды МҚБ-ның зерттеу жобасын іске асыру кезеңдерімен, бағдарламаның болжамды іске асыру нәтижелерімен таныстырды. МҚБ-ның ғылыми-техникалық жобасын жасаушылар өздері әзірлеген білім сапасын арттыру, тәрбие және бейіндік мектептер модельдері жобаларын ұсынды. Сондай-ақ олар 2024 жылы пилоттық жобада іске асатын модельдерді апробациялау әдістемесін сөз етті.
Семинар жұмысына Алтынсарин Академиясының, Астана мен Алматы қалаларының, Абай, Шығыс Қазақстан, Алматы, Қостанай облыстары мен өзге өңірлердің өкілдері, педагогтері, мектеп директорлары, әдіскерлер мен кәсіптік бағдар берушілер қатысты.