Алтынсарин Академиясының қызметкерлері ЭЫДҰ-ның «Цифрлық білім беруді қалыптастыру: сапаны, әділдікті және тиімділікті арттыруға ықпал ететін факторлар» есебін талқылауға қатысты. Есепте ЭЫДҰ елдерінде цифрлық білім беруді дамыту мәселелері және білім беру саласындағы цифрлық технологиялардың әлеуетін ашу үшін шешімдер ұсынылған.
️Есептің нәтижелері бойынша цифрлық білім беруді дамытуға кедергі келтіретін негізгі сын-қатерлер қажетті инфрақұрылымның болмауы, педагогтердің цифрлық сауаттылығының төмендігі, білім алушылардың цифрлық ресурстарға біркелкі қол жеткізбеуі болып табылады.
Талқылау аясында Эстония, Хорватия және Франциядан келген әріптестер білім беруді цифрландыруды дамыту тәжірибесімен бөлісті.
Эстония өзінің ұлттық оқу бағдарламасына цифрлық құзыреттілікті 2014 жылдан бастап сегіз негізгі құзыреттіліктің бірі ретінде енгізді. Мұғалімдерді қолдау үшін цифрлық құзыреттіліктің нақты үлгілері әзірленіп, мұғалімнің кәсіби стандарты жаңартылды. Сонымен қатар, Эстония мектептердегі цифрлық жетілуді бақылау үшін «Digital PACE Tool» (сандық айна) қолданады. Бұл құрал мектеп командаларына өздерінің цифрлық жетілуін бағалауға және мектептегі тәсілдер мен стратегияларды жоспарлауға мүмкіндік береді.
Хорватияда «электрондық мектептер» атты цифрлық білім беру жобасы жүзеге асырылуда. Жобаға ұлттық деңгейде цифрлық білім берудің жан-жақты шолуын ұсынатын «Цифрлық жетілу қызметі» кіреді. Цифрлық жетілудің бес бағыты қарастырылады: инфрақұрылым, цифрлық дағдылар, технологияны қолдану, көшбасшылық және басқару, цифрлық мәдениет.
Францияда педагогтердің цифрлық құзыреттіліктерінің шеңбері әзірленді, оған мынадай құзыреттілік салалары кіреді: цифрлық сауаттылық, технологияларды интеграциялау, педагогикалық практика, бағалау және кәсіби даму.
Есепте ұсынылған шешімдер инфрақұрылыммен біркелкі қамтамасыз ету қажеттілігін, педагогтер мен білім алушылардың цифрлық сауаттылығын дамытуды, Мемлекеттік-жекешелік серіктестік өзара іс-қимылын арттыруды, білім беру стандарттарына сәйкес келетін жоғары сапалы цифрлық контентті әзірлеуді және олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарамастан барлық білім алушылар үшін цифрлық ресурстарға тең қолжетімділікті қамтамасыз етуді қамтиды.
Семинарға Еуропалық Комиссияның білім, жастар және мәдениет мәселелері жөніндегі Бас директоратының, Хорватия академиялық және зерттеу желісінің (CARNET), Эстония Білім және ғылым министрлігінің, Францияның Ұлттық білім, жастар және спорт министрлігінің өкілдері қатысты.