Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы оқу жылын 36 аптаға ұзарту тиімділігі мен нәтижелілігін анықтау бойынша мониторинг жүргізеді. Зерттеу білім беру үдерісіне барлық қатысушылардың пікірлерін зерттеуге бағытталған. Олар - мектеп оқушылары, ата-аналар, педагогтер, қоғам өкілдері, білім беру ұйымдарының басшылары, сарапшылар мен ғалымдар.
Бүгінгі таңда сауалнамаға 8-11 сыныптардың 3,5 мыңнан астам оқушысы қатысып үлгерді. Маусым айында осы сауалнамаға ата-аналар, мұғалімдер және мектеп басшылары да қатысады. Мониторинг нәтижелері жұртшылықтың, ата-аналар комитеттерінің, жеке меншік мектептердің республикалық бірлестіктерінің, мемлекеттік ұйымдар мен ведомстволардың өкілдері кіретін Сараптамалық кеңестің талқылауына ұсынылады.
Оқу жылының ұзақтығын ұлғайту туралы Сараптамалық кеңестің отырыстары 2022 жылғы маусымнан бастап өткізіледі.