Қазіргі уақытта барлық өңірлерде еліміздің үздік педагогтерінің тәжірибесін тарату бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде.
Осындай іс-шаралардың бірі Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатында өтті. Мектепте «Үздік педагог» атағын иеленген 7 педагог жұмыс істейді. Мектеп басшылығы Алматы қаласының мұғалімдері үшін осы мектептің үздік педагогтерінің ашық шеберлік сыныптарын ұйымдастырды. Іс-шараға Алтынсарин Академиясының «Әдістемелік қызметті үйлестіру және педагогті кәсіби дамыту» орталығының директоры Еркебұлан Жұмашов қатысты.
Іс-шара аясында, ширек ғасырға жуық осы мектепте еңбек еткен Қалима Қаппасқызы Нұрлыбекованың шығармашылық сағаты өтті. Қалима Қаппасқызының еңбек жолындағы ұстазы – Еңбек Ері, Білім Беру ісінің құрметті қызметкері Аягүл Төреқызы Миразова отандық педагогтердің жетістіктерін насихаттаудың маңызын, мұндай шаралардың жас педагогтерге берері мол екенін, мұғалім қызметіне қызығушылықты арттыратынын атап өтті.