Іс-шараға Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің депутаттары, Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова, Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА-ның президенті Мадина Тыныбаева, жоғары оқу орындарының, білім басқармаларының, әдістемелік орталықтар мен кабинеттердің өкілдері қатысты.
Шағын жинақталған мектептердің проблемалары және оларды шешу жолдары туралы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова сөз сөйледі. Сөз соңында ол «Білім туралы» ҚР Заңына мынадай ұғымдарды енгізуді ұсынды: онлайн-білім беру, онлайн-педагог, онлайн-сынып және т. б.
Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА-ның президенті Мадина Тыныбаева 2023 жылдың қаңтар айынан бастап Алтынсарин Академиясы мен СҚО Білім басқармасы Microsoft компаниясымен бірлесіп өңірде шағын жинақты мектеп педагогтерін қолдау бойынша жобаны бастағанын хабарлады.
«Жобаны іске асыру ауыл мектептерінің білім алушыларына педагогтің қашықтығы мен біліктілігіне қарамастан пән мұғаліміне қол жеткізуге, басқа ауыл мектептерінің сыныптастарымен онлайн оқуға және оқудағы өз мүмкіндіктерін бағалауға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда 25 мектептің 107 мұғалімі Microsoft өнімдерін пайдалану бойынша біліктілікті арттырудан өтті», – деп атап өтті Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА-ның президенті Мадина Тыныбаева.
Сонымен қатар, Академия тірек мектептер (ресурстық орталықтар) кешенін құру немесе сақтау бойынша әдістемелік ұсынымдар, онлайн және офлайн форматтарда оқытуға арналған модельдер және біріктірілген сыныптар үшін үлгілік оқу жоспарын әзірлейді.
Сапар аясында Мәжіліс депутаттары Солтүстік Қазақстан облысының бірқатар ауылдық және шағын жинақты мектептерінде болып, оқу жағдайларымен, мектептердің материалдық-техникалық базасымен танысты, ШЖМ-де білім беру сапасын арттыру бойынша педагогтер мен оқушылардың ұсыныстарын тыңдады, сондай-ақ олар үшін қонақ дәрістер өткізді.