qaz
Қазақстандық делегация Тәжікстанда өтіп жатқан ТМД мұғалімдерінің VI съезіне қатысуда

ҚР білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова бастаған қазақстандық делегация Душанбе қаласында өтіп жатқан ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мұғалімдері мен білім беру саласының қызметкерлерінің VI съезіне қатысуда.

Делегация құрамында барған Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бейсембаев «Ынтымақтастық көкжиегі – болашаққа бастар жол» тақырыбында баяндама жасады. Ол пандемия кезінде цифрлық білім берудегі шетелік және отандық тәжірибелер мен Қазақстанда оқушылардың біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру бойынша жүргізіліп жатқан шаралар, сондай-ақ білім алушылардың бойында заманауи дағдыларды қалыптастыру үшін мектеп бағдарламасына енгізілген «Жаһандық құзіреттіліктер» курсы туралы мәлімдеді.

Айтуынша, қазіргі уақытта «Цифрлы мұғалім» жобасы енгізу және оқу процесінде VR/AR-технологияларды пайдалану бойынша зерттеулер жүргізу бойынша жұмыстар атқарылуда.

Сонымен қатар Академия білім беру жүйесін дамытудың өзекті проблемалары, атап айтқанда оқушылардың білім сапасын арттыру, білім беру мазмұнының сабақтастығын қамтамасыз ету, инновациялық инфрақұрылым және т.б. бойынша зерттеулер жүргізуде.

Халықаралық съезге ТМД елдерінің білім министрліктері мен ұйымдарының басшылары, білім саласының қызметкерлері қатысты.

Айта кетсек, 2022 жылы ТМД мемлекеттерінің мұғалімдері мен білім беру саласы қызметкерлерінің VII съезі Қазақстанда өтеді.