Бүгін Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде «Мектеп және университет: ғылыми ынтымақтастықтың қырлары» атты аймақтық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.
Пленарлық отырыста Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының, Ш. Уәлиханов атындағы университеттің, Ақмола облысының білім басқармасы жанындағы «Bolashaq Saraiy» және Щучинск қаласының №4 мектебінің өкілдері мектепте ғылыми зерттеулерді дамыту перспективаларын, өңір білім алушыларының инновациялық жобаларын және ғылыми зерттеулер жүргізу үшін өзекті тақырыптарды ұсынды.
Конференцияға қатысушылар мектептердегі ғылыми зерттеулердің маңыздылығы мен өзектілігін, мектептегі ғылыми жобаларды қолдау қажеттілігін және білім алушылардың ғылыми зерттеулерін ілгерілету бойынша университет ғалымдары мен білім беру ұйымдары педагогтерінің өзара іс-қимылын талқылады.
Конференция аясында 14 секция жұмыс істеді, оған 8-11 сыныптар аралығында 200-ден астам білім алушы қатысып, баяндама жасады.