Бүгін Ақтөбе қаласында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың қатысуымен «Шағын жинақты мектептерде сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету» атты республикалық семинар өтті.
Семинарға қатысушылар шағын жинақты мектептердің қазіргі жағдайы мен даму келешегін, ШЖМ білім алушыларының білім сапасын, мектептерді заманауи оқу жабдықтарымен қамтамасыз ету қажеттілігін, сондай-ақ ауыл педагогтерінің кәсіби құзыреттілігін арттыруды талқылады.
Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА президенті Мадина Тыныбаева өз баяндамасында Халықаралық және ұлттық зерттеулердің нәтижелері, ағымдағы статистика ауылдық шағын жинақты мектептермен жұмыс істеуде кешенді тәсілді әзірлеуді талап ететінін атап өтті.
Сондай-ақ, семинар аясында оқушылардың тұрғылықты жеріне қарамастан білім алуда тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуді көздейтін «БІЛІМ ALL» өңірлік жобасы ұсынылды. Жобаның ғылыми-әдістемелік негіздері Алтынсарин Академиясының ғалымдарымен бірлесіп қалыптастырылады.
Семинарды қорытындылай келе, Ғани Бейсембаев Ақтөбе облысын Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының жетекшілігімен ауылдық мектептерді дамытудың базалық орталығына айналдыруды ұсынды.
Семинардың екінші бөлімінде Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА президенті Мадина Тыныбаева Ақтөбе қаласындағы № 21 мектепке барып, ШЖМ білім алушыларына онлайн-сабақтар өткізу әдістемесімен танысты, сондай-ақ Оқу-ағарту министрінің Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессор-оқытушылар құрамымен кездесуіне қатысты.