ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ МЕН ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ ЗАМАНАУИ ПЕДАГОГТЕРДІ ДАЯРЛАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ВЕДОМСТВОАРАЛЫҚ КЕҢЕС ҚҰРДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясының ашылуында мұғалімдер даярлау ісін арттыру үшін пәрменді шаралар қабылдап, білім беру жүйесіндегі менеджментті жақсартуға басымдық беруді тапсырды. Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі осы бағытта кешенді жұмыс бастады. Кеше облыстық білім басқармалары басшыларының, педагогикалық ЖОО ректорларының және ведомстволық бағынысты ұйымдар басшыларының қатысуымен екі ведомствоның бірлескен кеңесі өтті. Іс-шараға жүзден астам қатысушы педагог кадрларды сапалы даярлаудың өзекті мәселелерін, негізгі басымдықтар мен оларды шешу жолдарын талқылады.

Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушы Ғани Бейсембаевтың айтуынша, кадр сапасы мен педагог мәртебесін арттыру бойынша кешенді жұмыстар жалғасуда. Соңғы төрт жылда мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті.

«Министрліктің басым міндеттерінің бірі білім беру ұйымдарын жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз ету және білім беру жүйесіндегі менеджментті жақсарту. Мықты басшыларды іріктеу және даярлау бағдарламасы әзірленуде. Толыққанды зерттей отырып, жоғары білікті педагогтер базасын және мектеп директорларының кадрлық резервін құру жөніндегі қағидаларды әзірлеу қажет. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында қазір педагогикалық жоғары оқу орындарының Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен және Білім басқармаларымен өзара іс-қимылын күшейту өте маңызды», – деді Ғани Бейсембаев.

Басқосу қорытындысы бойынша заманауи сапалы педагогтерді даярлау мәселелері жөнінде ведомствоаралық кеңесі құру туралы шешім қабылданды. Кеңес кадрлардың сапасын арттыру және білім беру ұйымдарын жоғары білікті мамандармен қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастыратын болады.