22-29 желтоқсан аралығында Алтынсарин академиясының қызметкерлері «Жаһандық құзыреттер» курсының мазмұндық ерекшеліктері туралы вебинарлар сериясын өткізді. Вебинарлар 20 өңір үшін жеке-жеке онлайн режимде ұйымдастырылды.
Вебинар аясында Академия қызметкерлері қатысушыларға курстың және оның әрбір бөлімінің мақсатын, курсты оқытудың мазмұны мен ерекшеліктерін, Үлгілік оқу бағдарламалары мен педагогтерге арналған нұсқаулықтарды таныстырды.
Атап айтқанда, Қоғамдық-гуманитарлық бағыт пәндері зертханасының меңгерушісі Айнұр Архыматаева қатысушыларға 5-9 сыныптарға арналған курстың оқу бағдарламаларының мазмұнын таныстырып, сабақтардағы жұмыстың әдістері мен формалары туралы сұрақтарға жауап берді, сондай-ақ білім алушылардың орындаған жұмыстарының қорытындысы бойынша кері байланыс қалай берілетінін түсіндірді. Академияның ғылыми хатшысы Жанна Жақиянова «Этика және этикет» бөліміне егжей-тегжейлі тоқталып, 10 және 11 сыныптарға арналған «Жаһандық құзыреттер» курсының оқу бағдарламасының ерекшеліктерін түсіндірді. Вебинарлар барысында қатысушылар сұрақтарына толық жауап алды.
Вебинарларға орта білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтері, әдіскерлер, психологтар, ТжКБ және жоғары білім беру ұйымдарының оқытушылары, барлығы 5 мыңнан астам адам қатысты.