Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Мадина Тыныбаева Оқу-ағарту министрлігінің аппараттық отырысында өңірлердегі әдістемелік кабинеттердің қызметі және олардың Алтынсарин академиясымен байланысы туралы баяндады.
Баяндама барысында әдістемелік кабинеттердің жұмысын реттейтін нормативтік ережелер тізімі және әдістемелік кабинеттердің негізгі функциялары таныстырылды.
«Академия әдістемелік кабинеттер арқылы педагогтерге жаңа оқу жылында оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктерін түсіндіреді, оқу жылының ағымдағы мәселелерін талқылайды. Сонымен қатар, педагогтерге әдістемелік көмек көрсету бойынша өзара тәжірибе алмасуын ұйымдастырады, педагогтерге арналған іс-шараларды ұйымдастыруға көмектеседі», - деді Мадина Ағланқызы.
Қазіргі уақытта әдістемелік кабинет және әдістемелік орталық деген екі ұғымды ажырату бойынша өзгеріс қарастырылып отырғанын айтып, әдістемелік кабинеттер мен орталықтардың Үлгілік ережесін бекітуді ұсынды.
Сонымен қатар, Академия президенті жиын барысында әдістемелік қызметтің сапасын жетілдіру бойынша бірнеше ұсыныс білдірді. Атап айтқанда, әдістемелік кабинеттердің жұмысын мазмұндық үйлестіруді Академияға жүктеу, әдістемелік кабинеттерді материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жергілікті білім органдарының құзіретінде қалдыру, директорлардың ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасарларының қызметін үйлестіру жұмыстарын әдістемелік кабинеттерге беру.