Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА-ның президенті Мадина Тыныбаева 23-24 қарашада EdCrunch – білім беру саласындағы жаңа технологиялар бойынша ең ірі конференцияға қатысты.
Алматыда өткен конференцияға 25 елден келген 350-ден астам халықаралық сарапшы қатысты.
Мадина Тыныбаева «Мектептегі білім беру» секциясы аясында конференция қатысушыларына білім беру сапасы бойынша жүргізілетін халықаралық және ұлттық зерттеулермен таныстырды. Ол Қазақстан Орталық Азиядағы PISA, TIMSS, PIRLS сынды білім беру сапасын халықаралық салыстырмалы зерттеулердің ең белсенді қатысушыларының бірі екенін айтып өтті.
Қазақстанның білім беру сапасын бағалау жүйесіне халықаралық зерттеулермен қатар, ұлттық зерттеулер де кіреді. Осындай зерттеулердің бірі білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингі болып табылады. Биыл бұл зерттеу қазақстандық мектептерде алғаш рет өткізілді.
Мониторинг нәтижелері мектептерде оқу сауаттылығы, математикалық және жаратылыстану сауаттылығы бойынша нәтижені жақсарту үшін пайдаланылатын болады. Мадина Тыныбаева қазіргі уақытта осы бағалау құралын жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.