Бүгін Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Мадина Тыныбаева Оқу-ағарту министрлігінің аппараттық отырысында орта білім беру мазмұнын әзірлеудің тұжырымдамалық тәсілдері туралы баяндады.
Қазіргі уақытта Алтынсарин академиясы білім мазмұнын қайта қарау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп жатқаны белгілі.
«Білім беру мазмұнын жетілдіру бойынша алдын ала зерттеу, зерделеу, салыстырмалы талдау жұмыстары атқарылды. Атап айтқанда, Үлгілік оқу бағдарламаларының мазмұнына жасалған талдау қорытындылары зерделенді, республикалық пән съездерінде қабылданған резолюцияларға талдау жасалып, білім беру стандарты мен оқу бағдарламаларын әзірлеудің халықаралық тәжірибесі зерделенді», - деді Мадина Ағланқызы.
Қазіргі уақытта оқу бағдарламаларының жобалары дайындалып, сараптамаға жіберілуде. Сондай-ақ, әрбір оқу бағдарламасы бойынша педагогтерге арналған әдістемелік нұсқаулықтар әзірленіп жатыр. Айта кетсек, Үлгілік оқу бағдарламаларының мазмұнын қайта қарау жұмыстарына 370-тен астам педагог-ғалым, әдіскерлер мен пән мұғалімдері қатысуда.