Бүгін Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Мадина Тыныбаева Павлодарда өткен «Білім беруді дамытудың жаңа векторы: стратегиялар мен перспективалар» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияға онлайн қатысты.
Мадина Ағланқызы конференцияның кіріспе сөзінде биылғы оқу жылының басым бағыттары мен негізгі жаңашылдықтардың маңызына, Павлодар облысының білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингіне тоқталды. Сонымен қатар, пәндер бағдарламасындағы құндылықтардың жүзеге асырылуының маңызын айтып өтті.
Конференцияға қатысушылар педагог кадрларды даярлау мен кәсіби жетілдірудің қазіргі және перспективалық механизмдерін қарастырып, сондай-ақ рухани және физикалық бәсекеге қабілетті өскелең ұрпақты дамытатын білім беру қызметін тиімді ұйымдастыру бойынша инновациялық тәжірибелердің жүзеге асырылуын талқылады.
Іс-шараға педагогикалық оқу орындарының басшылары мен оқытушылары, республиканың оқу-әдістемелік орталықтарының басшылары мен меңгерушілері, мектепке дейінгі, жалпы білім беретін, мамандандырылған және арнайы білім беру ұйымдарының педагогтері қатысты.