Астана қаласында өтіп жатқан ТМД елдерінің мұғалімдері мен білім беру қызметкерлерінің VII съезі аясында 5 қазан күні Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ұйымдастыруымен «Болашаққа бағытталған білім: мазмұн және педагогика» тақырыбында панельдік секция өтті.
Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Әлия Чокушева мен Назарбаев зияткерлік мектебі Білім беру бағдарламалары орталығының директоры Жанар Әбілдина жүргізген панельдік секцияда Беларусь, Тәжікстан, Қырғызстан елдері білім беру саласының өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісті және Қазақстан тәжірибесімен танысты.
Атап айтқанда, шетелдік қонақтар болашаққа бағдарланған білім беру, білім беру мазмұнын жаңғырту, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына жаңа білім беру инновациялық технологияларын енгізудің өзектілігі туралы баяндамалар жасады.
Өз кезегінде Қазақстан атынан «JOO High School»мектебінің бас директоры Н. Елшібеков аралас оқытудың артықшылықтары туралы баяндама жасады,
«Ulttiq ustaz online Academy»негізін қалаушы Г.Қорғанбаева болашақтың мектебі және қазіргі мектептерді трансформациялау жолдары туралы, «MUGALIM» республикалық қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы А.Нұрлақов заманауи әлемнің мектептерге әсері және білім беру саласының негізгі басымдықтары туралы баяндады.