2022 жылғы 4-6 қазанда Астана қаласында ТМД-ға қатысушы елдердің мұғалімдері мен білім беру қызметкерлерінің VII съезі өтеді. Съезд «Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінде жаңа жағдайдағы білім беру және пандемиядан кейінгі кезеңде білім беру процесінің трансформациясы» тақырыбына арналып отыр.
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің білім беру саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кеңесі хатшылығының басшысы болып Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА президенті Мәдина Тыныбаева тағайындалды.
Съезд жұмысы аясында пленарлық отырыстар және 9 панельдік секция ұйымдастырылып, білім беру мазмұны, бағалау, жалпыадамзаттық құндылықтар, мұғалімдерді дамыту, қосымша білім беру, инклюзивтілік, кәсіптік-техникалық білім беру және білім беруге қатысты басқа да мәселелер қарастырылады.
Съезд барысында Педагогикалық шеберліктің II фестивалін өткізу жоспарлануда, онда ТМД елдерінің педагогтері тәжірибелерімен бөлісіп, конкурстық сабақтар көрсетеді және шеберлік сабақтарын өткізеді. Сонымен қатар, мектепке дейінгі және орта білім беру саласындағы цифрлық және баспа өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылады.
5 қазанда Алтынсарин академиясы «Болашаққа бағытталған білім: мазмұн және педагогика» панельдік секциясының жұмысын ұйымдастырады.
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің қатысуымен өтетін пленарлық отырыстың және Академияның панельдік секциясының көрсетілімі Алтынсарин академиясының Bilim 4.0 Youtube-арнасында жүргізіледі.