Бүгін ҚР Оқу-ағарту министрлігі, Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА «Деструктивті мінез-құлық формалары бар білім алушыларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді жетілдіру» тақырыбында республикалық семинар өткізді.
Жиын барысында білім алушылар мен тәрбиеленушілерді қауіпсіз білім беру ортасымен қамтамасыз ету, қазақстандық білім беру мамандарын даярлаудағы психологиялық-педагогикалық қағидаттар, деструктивті мінез-құлық белгілері бар балаларды психологиялық-педагогикалық қолдау, орта білім беру ұйымдарында психологиялық қызметтің жұмысы және т.б. бойынша мәселелер қозғалды. Семинар екі кезеңнен тұрды: баяндама жасау форматында басталып, шеберлік сыныптары түрінде практикалық бағытта жалғасын тапты.
Семинарға Балалардың құқығын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев қатысып, Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА Психология, тәрбие және тұлғаны дамыту орталығының жетекші сарапшысы Эльмира Алиева, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ психология кафедрасының профессоры Гүлбақыт Менлібекова, Ш. Уалиханов атындағы Көкшетау университеті педагогикалық психология кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Ракишева және т.б. сарапшылар баяндама жасады.
Онлайн форматта өткен жиынға 500-ден астам адам, атап айтқанда білім басқармалары басшыларының орынбасарлары, білім басқармаларының мамандары, оқу-әдістемелік орталықтардың әдіскерлері, педагог-психологтар және әлеуметтік педагогтер қатысып, өз ойларымен бөлісті.