«Білім және ғылым жүйесін жаңғыртудың ғылыми негіздері» ғылыми-техникалық бағдарламасы аясында 25 шілде мен 2 тамыз аралығында жобаның жұмыс тобы Оңтүстік Кореяның білім беру жүйесін дамыту тәжірибесімен танысты.
Жұмыс тобының мүшелеріне білім берудің барлық деңгейінде оқыту процесіне инновациялар мен трендтерді енгізу әдістері, сондай-ақ педагог кадрларын даярлау және аттестаттау тәжірибесі ұсынылды. Ғалымдар Оңтүстік Корея университеттерінің кампустарын аралап, студенттермен және магистранттармен әңгімелесті.
Сапар аясында Йонин қаласындағы Hankuk University of Foreign Studies кафедрасының профессорымен және қызметкерлерімен, Канвондо білім беруді қолдау кеңсесінің басшысымен және Каннын қаласы білім басқармасы кеңсесінің қызметкерлерімен, Каннын қаласындағы Unsan Elementary school директоры және мұғалімімен, Unsan Elementary school 6-сынып оқушысымен және оның ата-анасымен, Инчеон ұлттық университетінің бірінші проректорымен және Сонгдо қаласындағы Choi Juneyoung университетінің халықаралық бөлімі басшысымен кездесулер сериясы өтті.
Кездесу барысында үздіксіз білім беруді дамыту, педагог кадрларды даярлау және аттестаттау, тілдерді оқытудың тұжырымдамалық тәсілдері мен технологиялары, функционалдық сауаттылықты қалыптастыру бойынша жұмыс тәжірибесі, Оңтүстік Кореяның білім беру ұйымдарында педагогикалық процесті ұйымдастырудың ерекшеліктері және т.б. мәселелер талқыланды.
Кездесулер нәтижесінде өзара ынтымақтастық туралы келісімдерге қол жеткізілді.