16 тамыз күні Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында педагогтердің республикалық Тамыз конференциясы аясында «Білім беру сапасын басқарудағы әдіскердің рөлі» тақырыбында панельдік секция өтті. Жиынға Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының, облыстық, аудандық, қалалық әдістемелік орталықтардың басшылары мен әдіскерлері қатысты.
Панельдік секцияда әдістемелік қызметті жетілдіру, педагогтерді әдістемелік қолдау, педагогтердің инновациялық тәжірибелерін бағалау, заманауи білім беру технологиялары мен әдістеріне қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Алдағы оқу жылында әдістемелік қызметтің басымдықтары көрсетіліп, білім сапасын арттыру жолында әдіскерлерге жасалынатын қолдау жұмыстарының бағыты айқындалды.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту вице-министрі Шолпан Каринова панельдік секцияда алғы сөз алып, білім сапасын көтеруде әдіскерлердің рөлі жоғары екенін айтып өтті. «Білім саласындағы вертикальды саясат әдіскерлер арқылы жүзеге асырылады. Осы ретте әдіскерлердің кәсіби деңгейін көтеру өте маңызды», - деді Шолпан Таңатқызы.
Панельдік секция барысында Оқу-ағарту министрлігі Педагогикалық кадрлармен жұмыс басқармасының басшысы Айман Дюсембаева білім беру саласын жаңғырту жағдайында кадрлық әлеуетті дамыту, педагогикалық кадрларды дайындау сапасын арттыру бойынша мағлұмат берді. Одан кейін сөз алған Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА «Әдістемелік қызметті үйлестіру және педагогті кәсіби дамыту» орталығының директоры Еркебұлан Жұмашов педагогтердің жаңа технологияларды қолдануды бағалауға мүмкіндік беретін SAMR моделімен таныстырды. Қостанай облыстық әдістемелік кабинет басшысы Татьяна Набатникова және Павлодар облысының білім беруді дамытудың Инновациялық орталығының директоры Бақытгүл Аушахманова әдістемелік жұмысты жетілдіру бойынша өзекті мәселелерді баяндап, өздерінің озық тәжірибелерімен бөлісті.
Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласындағы А. Сейдімбек атындағы №54 мектеп-лицейі директорының цифрландыру жөніндегі орынбасары Ақнұр Еркінқызы білім саласындағы өзекті сандық құралдар туралы, ал Тараз қаласындағы Б. Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясы тарих пәнінің мұғалімі Тоғжан Лаубай қазіргі білім алушылардың оқуға құштарлығын ояту бойынша қызықты презентация жасады. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДБҰ өзгерістерді басқару департаментінің аға менеджері Жанна Байгаринова қатысушыларға Lesson study (сабақты зерттеу) жайлы мазмұнды ақпарат берді.
Панельдік секцияның видеожазбасын Академияның Youtube-арнасынан мына сілтеме бойынша көруге болады: https://www.youtube.com/watch?v=k69mKBLbuIw
Панельдік секцияның материалдары Алтынсарин академиясының сайтында қолжетімді: https://uba.edu.kz/qaz/info/2