«Технология және өнер» мен «Дене шынықтыру» пәндерін оқытудағы құндылыққа бағытталған білім беру» панельдік секциясы

2 тамызда Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында педагогтердің республикалық Тамыз конференциясы аясында «Технология және өнер» мен «Дене шынықтыру» пәндерін оқытудағы құндылыққа бағытталған білім беру» панельдік секциясы өтті.

Панельдік секция аясында технология, бейнелеу өнері, алғашқы әскери дайындық және денешынықтыру пәндерінің мұғалімдері педагогикалық қызметті жүзеге асыруда құндылыққа негізделген тәсілдерді іске асыру тәжірибесімен бөлісті.

Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бас директоры Сағдат Садықов пен Нұр-Сұлтан қаласы №6 гимназиясының денешынықтыру мұғалімі, педагог-шебер Елена Копкина салауатты өмір салтын қалыптастырудағы денешынықтырудың маңызына тоқталып, денешынықтыру сабақтарында білім алушылардың бойында функционалдық сауаттылықты дамыту тәжірибесімен бөлісті.

Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА-ның жетекші ғылыми қызметкері Серік Баяхметов алғашқы әскери дайындық және технология пәндерін оқыту ерекшеліктері туралы, ал Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, п.ғ.д. Сайра Жиенбаева бейнелеу өнері және еңбекке баулу сабақтарында тәжірибелік дағдыларды дамыту тетіктері туралы баяндады.

Панельдік секция тәжірибе алмасу, талқылау және пікір алмасу түрінде өтті. Панельдік секцияның қатысушылары Үлгілік оқу бағдарламаларындағы өзгерістер, сондай-ақ пәндердің бөлінуі туралы сұрақтар қойды.

Панельдік секцияның видеожазбасын Академияның Youtube-арнасынан мына сілтеме бойынша көруге болады: https://www.youtube.com/watch?v=k69mKBLbuIw

Панельдік секцияның материалдары Алтынсарин академиясының сайтында қолжетімді: https://uba.edu.kz/qaz/info/2