«Ауыл мектептері және шағын жинақты мектептердің білім алушылары үшін сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету» панельдік сессиясы

Бүгін Тамыз конференциясы аясында Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ұйымдастыруымен «Ауыл мектептері және шағын жинақты мектептердің білім алушылары үшін сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету» панельдік сессиясы өтті.

Панельдік сессия аясында 5 тақырыптық секция және оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің қатысуымен пленарлық отырыс өтті.
Оффлайн және онлайн режимде өткен панельдік сессия жұмысына еліміздің барлық өңірлеріндегі ауылдық және шағын жинақты мектептерден 1500-ден астам педагог қатысты. Тақырыптық секцияларда педагогтер алдағы оқу жылында жүзеге асырылатын шағын жинақты мектептер бойынша пилоттық жобаларды талқылады. Олар сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, ауыл және қала мектептеріндегі білім сапасындағы алшақтықты қысқарту бойынша практикалық тәжірибелерімен бөлісті, педагог кадрлармен қамтамасыз ету және ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту, сондай-ақ оқушыларды транспортпен қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

Пленарлық отырысты Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА-ның президенті Мадина Тыныбаева ашты. Ол орта білім берудегі негізгі басымдықтар бойынша баяндама жасап, шағын жинақты мектептердегі білім сапасын арттыру және виртуалды оқыту әдісі арқылы ШЖМ-ға сапалы білім беру бойынша пилоттық жобалармен таныстырды.

«Шағын жинақты мектептерде 192 мың бала оқиды, ол – еліміздегі барлық мектептерде оқитын балалардың 5,3 пайызы. Былай қарағанда аз сияқты. Бірақ олар еліміздегі мектептердің 36 пайызын құрайды. Ауыл және қала мектептерінің білім сапасындағы алшақтық мәселесі бар», - деді Асхат Аймағамбетов. Сондай-ақ, шағын жинақты мектептердегі өзекті мәселелерді шешу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларды айтып өтті.

Сессия жұмысына білім басқармасының мен орынбасарлары, ауыл мектептері мен ШЖМ бойынша білім басқармасының жауапты мамандары, ОӘО және білім басқармасы кабинеттерінің мамандары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, пилоттық жобаға кіретін өңірлердегі тірек және магниттік мектептердің директорлары мен оқу ісі жөніндегі орынбасарлары, педагогтер қатысты. ▪️Қатысушылар көкейлеріндегі сұрақтарға жауап алып, тақырыпқа қатысты пікірлерімен, ұсыныстарымен бөлісті.

Асхат Аймағамбетовтің қатысуымен өткен пленарлық отырыстың толық нұсқасын мына сілтеме арқылы көре аласыздар: https://www.facebook.com/100064891832230/videos/3630133370637198

Панельдік сессияның материалдары Алтынсарин академиясының сайтында қолжетімді: https://uba.edu.kz/qaz/info/2