10 тамызда Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында педагогтердің республикалық Тамыз конференциясы аясында «Құндылыққа бағытталған жаратылыстану-математикалық білім беру» панельдік секциясы өтті.
Секция жұмысына математика, физика, химия, биология, география және информатика пәндерінің мұғалімдері қатысты.
Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА Орта білім мазмұны институтының директоры Сейфолла Смайлов педагогтерге 2022-2023 оқу жылында Қазақстан Республикасының орта білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру ерекшеліктерін түсіндірді. Ол жаңа оқу жылында орта білім беру мазмұнында ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелік компонентті күшейту, оқушылардың бойына еңбексүйгіштік, патриотизм және білімге деген ұмтылыс сияқты қасиеттерді қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, білім беруді цифрландыру, педагогтердің заманауи техникалық оқыту құралдарын пайдалануы оқу процесін ұйымдастырудың маңызды құрамдас бөлігі екені айтылды.
Панельдік секция аясында қатысушылар жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді құндылыққа бағыттап оқыту бойынша тәжірибелерімен бөлісті. Физика пәнінің мұғалімі, BINOM SCHOOL «Тұран» мектеп-лицейінің директоры Бауыржан Төленов оқушылардың зерттеушілік дағдыларын қалыптастыру және құндылықтық тәсілдемесін жүзеге асырудағы қазақстандық және халықаралық тәжірибесімен бөлісті, Алтынсарин академиясы Орта білім мазмұны институтының бас ғылыми қызметкері, г.ғ.д., профессор Орденбек Мазбаев жаратылыстану сабақтарында құндылықтық тәсілдеме контекстінде кіріктірілген оқыту туралы айтып берді.
Нұр-Сұлтан қаласы РФММ химия пәнінің мұғалімі, педагог-шебер, жаратылыстану ғылымдары кафедрасының меңгерушісі Гүлжанат Райсханова және информатика мұғалімі, Қарағанды облысы білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Әнел Кәкенбекова оқу бағдарламаларының мақсаттарын іске асыру арқылы білім алушылардың бойына құндылықтарды қалыптастыру тәжірибесімен бөлісті.
Панельдік секция жұмысына бір мезгілде 8 мыңнан астам педагог қатысты, әрбір қатысушы өз пікірін білдіруге және көкейіндегі сұрақтарды қоюға мүмкіндік алды.
Академияның Youtube-арнасынан мына сілтеме бойынша көруге болады: https://www.youtube.com/watch?v=s3VndajyyLw
Панельдік секцияның материалдары Алтынсарин академиясының сайтында қолжетімді: https://uba.edu.kz/qaz/info/2