«Тіл мен әдебиетті оқытудағы құндылыққа бағытталған білім беру» панельдік секциясы

9 тамызда Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында педагогтердің республикалық Тамыз конференциясы аясында «Тіл мен әдебиетті оқытудағы құндылыққа бағытталған білім беру» панельдік секциясы өтті.

Тәжірибе алмасу және талқылау түрінде өткен панельдік секция жұмысына 8 мыңнан астам педагог қатысты. ▪️Қатысушылар секция барысында өз пікірлерін білдіруге және сұрақтар қоюға мүмкіндік алды.
Панельдік секция аясында Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, п.ғ.д. Жаңалық Балтабаева, Алматы қаласындағы Ш.Уалиханов атындағы №12 мамандандырылған гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, п.ғ.к. Рахима Сәкенова, Қызылорда қаласындағы №144 орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Сандуғаш Құлжанова және Алтынсарин академиясының ғылыми қызметкерлері тіл мен әдебиетті оқытудағы практикалық тәжірибелерімен бөлісті.

Спикерлер оқу пәндері арқылы, сондай-ақ функционалдық сауаттылық пен креативті ойлау дағдыларын дамыту негізінде білім алушылардың бойына құндылықтарды қалыптастыру бойынша тәжірибелер панорамасын өткізді. Панельдік секцияға қатысушылар қазақ тілін оқытудағы мәтіндердің құндылықтық маңызын, әдеби шығармаларды оқытудағы құндылықтық тәсілдемені іске асыруды, сондай-ақ тілдерді оқытуда тиімді кері байланыс орнату туралы талқылады.

Іс-шара барысында Алтынсарин академиясының вице-президенті Әлия Чокушева жаңа оқу жылындағы білім берудің негізгі бағдарлары туралы баяндама жасады.

Панельдік секцияның видеотрансляциясын Академияның Youtube-арнасынан мына сілтеме бойынша көруге болады: https://www.youtube.com/watch?v=s3VndajyyLw

Панельдік секцияның материалдары Алтынсарин академиясының сайтында қолжетімді: https://uba.edu.kz/qaz/info/2