8 тамызда Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында педагогтердің республикалық Тамыз конференциясы аясында «Бастауыш мектептегі құндылыққа бағытталған білім беру» панельдік секциясы өтті.
Панельдік секция жұмысын Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА президенті Мадина Тыныбаева ашты. Панельдік секция еліміздің үздік педагогтерінің панорамасы түрінде өтті. Нұр-Сұлтан қаласындағы А.Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназияның жоғары санатты мұғалімі Мария Шокубасова, Семей қаласы Шәкәрім атындағы көпсалалы гимназияның педагог-шебері Нұргүл Мұқанова, №82 «Дарын» мамандандырылған мектептің педагог-зерттеушісі Шынар Ерназар, Нұр-Сұлтан қаласындағы №66 мектеп-лицейдің педагог-зерттеушісі Әсел Байбусинова және ШҚО дарынды балаларға арналған мектептің педагог-шебері Светлана Тинькова оқу бағдарламаларының мазмұны арқылы құндылықты тәсілді іске асырудағы өз тәжірибелерін ұсынды. Одан бөлек, құндылықтар негізінде функционалдық сауаттылықты қалыптастыру практикаларымен және сабақтан тыс уақытта бастауыш сынып оқушыларының бойына құндылықтарды қалыптастыру тәжірибесімен бөлісті.
Сонымен қатар, панельдік секцияға қатысушылар бастауыш сынып оқушыларының оқу жетістіктерін бағалау және оқу процесінде инклюзивтілік қағидаттарын іске асыру мәселелерін талқылады. ▪️Спикерлер өз баяндамаларында оқу бағдарламаларының мақсаттарын іске асыру арқылы білім алушылардың бойына ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды қалыптастыру оқу-тәрбие процесінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылатынын атап өтті.
Панельдік секция аясында Алтынсарин академиясының вице-президенті Әлия Чокушева жаңа оқу жылында бастауыш сыныптарда оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктерімен таныстырды.
Мәселен, қазақ тілінде білім алатын 1-сыныптарға «Әліппе/Ана тілі», орыс тілінде оқитын сыныптарға «Қазақ тілі» мен «Букварь/Обучение грамоте» пәндері оқытылады. 1 сыныпта «Көркем еңбек» пәні «Бейнелеу өнері» және «Еңбекке баулу» екі жеке пәндерге бөлінді. Ә.Чокушева педагогикалық қызметті цифрландыру, педагогтердің заманауи техникалық оқыту құралдарын пайдалануы оқу процесін ұйымдастырудың маңызды құрамдас бөлігі екенін атап өтті.
Панельдік секцияның видеотрансляциясын Академияның Youtube-арнасынан мына сілтеме бойынша көруге болады: https://www.youtube.com/watch?v=s3VndajyyLw
Панельдік секцияның материалдары Алтынсарин академиясының сайтында қолжетімді: https://uba.edu.kz/qaz/info/2