Алтынсарин академиясы базасында «Педагог құзыреттілігі және үздіксіз білім беруді дамыту жолдары» тақырыбында республикалық дөңгелек үстел өтті.
Мұндағы мақсат – педагогтердің құзыреттілігін жетілдіру және үздіксіз білім беруді дамыту жолдарын талдау, кәсіби шеберлікті арттыру.
Жиынға Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Мадина Тыныбаева, «Үздіксіз кәсіби білім беру институтының» қызметкерлері, Нұр-Сұлтан қаласы «Білім беруді жаңғырту орталығының» әдіскерлері мен қызметкерлері, орта мектеп директорлары және педагогтер қатысты.
Дөңгелек үстелге қатысушылар үздіксіз білім беруді дамыту, «Балабақша – Орта мектеп – Колледж – Жоғары оқу орындары» сабақтастығы бойынша өзекті мәселерді қозғап, пікір алмасты, педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыру, пәндерді оқыту әдістемесін жетілдіру, педагогтердің біліктілігін арттыру жолдарына талдау жүргізді.
Дөңгелек үстелге қатысушылар жалпы білім беретін мектептер, колледждер және ЖОО-лар арасындағы байланыс үздіксіз болуы тиіс деген ортақ пікірге келді. Өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудің әдіснамалық және теориялық негіздері тәжірибемен тікелей байланысты болуы қажет. Осыған байланысты білім беру ұйымдары мен педагогикалық кадрларды даярлауды жүзеге асыратын жоғары оқу орындары арасындағы әдістемелік байланысты сақтау маңызды.
Қатысушылар дөңгелек үстел жұмысында қозғалған мәселелерді ортақ тәжірибелік алаңда жалғастыру үшін республиканың жалпы орта білім беру ұйымдарының, жоғары оқу орындары, педагогикалық колледждердің педагогтері арасында талқылап, талдауды ұсынды.