«Инклюзивті практиканы дамыту контекстінде барлық білім алушылар үшін жайлы білім беру ортасын құру» панельдік секциясы

Бүгін педагогтердің республикалық Тамыз конференциясы аясында Алтынсарин академиясы Нұр-Сұлтан қаласының Білім беруді жаңғырту орталығымен бірлесе отырып, «Инклюзивті практиканы дамыту контекстінде барлық білім алушылар үшін жайлы білім беру ортасын құру» панельдік секциясын өткізді.

Секция жұмысына 28 мыңнан астам адам, атап айтқанда, білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтері, психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінің мамандары, әдіскерлер, білім беруді басқару органдарының, үкіметтік емес ұйымдардың және ата-аналар қоғамдастығының өкілдері, педагогикалық жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорлар құрамы өкілдері қатысты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында білім беру жүйесінің қолжетімді әрі инклюзивті болуы тиіс екенін айтып өткен болатын. Биыл инклюзивті білім беру мәселелері бойынша ведомствоаралық өзара байланысты, психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттерінің орта білім беру ұйымдарының психологиялық-педагогикалық қолдау мамандарымен өзара байланысын ұйымдастыру мәселелері бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірленді. Алдағы уақытта да белгіленген міндетке сәйкес жұмыс жалғасын табатын болады», - деді Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Мадина Тыныбаева құттықтау сөзінде.

Панельдік секцияға қатысушылар инклюзивті білім беруді нормативтік құқықтық қамтамасыз ету, оқытуда әмбебап дизайн принциптерін жүзеге асыру, педагогтерді әдістемелік қолдау жұмыстарын ұйымдастыру, өңірлік деңгейде инклюзивті білім беру жұмыстарын үйлестіру, инклюзивті білім беруді дамытуда мектеп әкімшілігінің рөлін арттыру, ведомствоаралық жүйелі өзара байланысты құру, инклюзивті білім берудің үздіксіздігін қамтамасыз ету, педагогтің тұлғалық-кәсіби деңгейінің маңызын ескеру бойынша мәселелерді талқылады.

Панельдік секцияның видеотрансляциясын Академияның Youtube-арнасынан мына сілтеме бойынша көруге болады: https://www.youtube.com/watch?v=QHRgOJ8ai6g

Панельдік секцияның материалдары Алтынсарин академиясының сайтында қолжетімді: https://uba.edu.kz/storage/app/media/binder1-1.pdf