Жыл сайынғы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға тіркеу басталды

«Тұрақты даму мүддесіне сәйкес үздіксіз білім беру: жаңа міндеттер» жыл сайынғы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына тіркеу басталды.

Конференцияға қазақстандық және шетелдік ғалымдар, сарапшылар, білім беру ұйымдарының басшылары, білім берудің ғылыми проблемаларын зерттеумен айналысатын педагогтер мен психологтар қатыса алады.

Ғылыми іс-шара 31 мамыр күні Алтынсарин академиясының, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының ұйымдастыруымен және Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын), онлайн форматта мынадай бағыттар бойынша ұйымдастырылады:

1. Үздіксіз педагогикалық білім беру;

2. Білім берудегі ұрпақтар сабақтастығы теориясы;

3. Білім берудің қолжетімділігі мен инклюзивтілігін қамтамасыз ету;

4. Тұрақты даму мүддесінде орта білім беруді трансформациялау.

Конференцияға қатысу үшін https://lifelong.kz./ сайтына кіріп, 20 мамырға дейін тіркелу қажет.

Үздік ғылыми мақалалар Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының журналдарында жарияланады.