Бүгін Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндері мұғалімдерінің съезі өтті.
Алтынсарин академиясының ұйымдастыруымен өткен іс-шараға Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, еліміздің барлық өңірінен келген педагогтер, лингвист-ғалымдар, сондай-ақ жоғары оқу орындарының оқытушылары мен ректорлары қатысты.
Съезге қатысушылар қазақ тілін оқыту сапасын арттыру және пән бойынша үлгілік оқу бағдарламасын жетілдіру туралы ойларымен бөлісті. Олар сондай-ақ қазақ тілі мен қазақ әдебиетін оқытудағы жаңа тәсілдерді қарастырудың маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар съезде елімізде негізгі пәндер бойынша Республикалық педагогтер қауымдастығы құрылатыны туралы хабарланды. Мұғалімдер қауымдастығы өзекті мәселелерді талқылау алаңына айналады. Осылайша, алғашқылардың бірі болып қазақ тілі мен қазақ әдебиеті мұғалімдерінің қауымдастығы құрылды. Қауымдастықтың бөлімшелері еліміздің әрбір ауданында, қала мен барлық өңірде жұмыс істейтін болады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы аясында мемлекеттік тілді одан әрі дамыту міндетін қойған болатын. Атап айтқанда, оқу бағдарламаларын жаңарту, оқу және көркем әдебиетке қолжетімділікті қамтамасыз ету.