Алтынсарин академиясының 8-14 желтоқсан аралығында Мәскеу облысының «Мемлекеттік гуманитарлық-технологиялық университеті» профессорлық-оқытушылық құрамына өткізген білім беру тағылымдамасы аяқталды.
«Қазақстан Республикасындағы үздіксіз білім беру: дамудың жаһандық және ұлттық трендтері» білім беру тағылымдамасының мақсаты – Ресей Федерациясы Білім министрлігіне қарасты оқу орындарымен халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту және Қазақстандағы білім беру мекемелерінің үздік тәжірибесін тарату. Тағылымдамаға 80-нен астам профессор мен оқытушы қатысты.
Тағылымдаманың соңғы күнінде Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бейсембаев сөз сөйлеп, Академияның вице-президенті Алмагүл Мұхамедханова «Қазақстандық білім беруді жаңғырту» тақырыбында баяндама жасады.
Тағылымдама барысында оқу үдерісінде үздіксіз білім беру және заманауи оқыту әдістерін екіжақты жетілдіру мәселелері жан-жақты талқыланып, екі тарап профессорлар мен оқытушылар үшін біліктілікті арттыру, озық тиімді оқыту әдістерін қолдану саласында тәжірибе алмасу, семинарлар мен конференциялар өткізу, жобалар ұйымдастыру туралы келісімге келді.