Алтынсарин ұлттық білім академиясы Оқу-ағарту министрлігімен бірлесе отырып, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында білім беру ұйымдарының педагогтеріне арналған республикалық семинар өткізді.
Семинарға еліміздің өңірлерінен келген педагогтер қатысты. Тыңдаушылар «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының әдіснамалық негіздерімен танысып, құндылықтар жүйесі мен құзыреттіліктер туралы түсініктерін кеңейтті. Олар құндылықтар тәсілдемесін пән мазмұны арқылы жүзеге асыру жолдарын талқылап, тәжірибеде қолдану әдістерін зерттеді.
Оқыту семинары барысында педагогтер практикалық дағдыларын жетілдіру мақсатында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын іске асырудың қысқа мерзімді сабақ жоспарының үлгілерін әзірледі. Әзірленген сабақ жоспары арнайы жинаққа енгізіліп, еліміздің барлық мұғалімдеріне ұсынылатын болады. Бұл жинақ педагогтерге оқушылардың тәрбие құндылықтарын қалыптастыруда және оқу процесінде тиімді әдістерді қолдануда көмек көрсету үшін жасалған.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан семинарға қатысқан педагогтерді 25 қазан – Республика күнімен құттықтап, олардың шығармашылық белсенділігі мен практикалық шеберліктері үшін сертификат табыстады.